Ұстаз – қасиетті де, қастерлі мамандық. Ұстаз да диқан сияқты, ол адам жанына білім дәнін себеді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Иә, Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шығармашылық болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі – бәрі ұстаздан білім – тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Оқушылар үшін мұғалім олардың еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Сондықтан жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады. Осы жолдарды оқи отырып: « Елдің ең құрметті азаматтары ғана ұстаз болуға лайық» - деп ғұлама Аристотель айтқан сөздер есіме түседі.
Қазіргі таңда мен №1 Бестөбе орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарып жатқаныма 6 ай ғана болды. Әрине, бұл 6 ай қараған адамға болмашы күндер болуы мүмкін, ал мен үшін зерделеп қарасам, біршама істің оңтайлы ізге түскендігі қуантады. Әр сабақ сайын алдымда отырған шәкірттерімнің білімге деген құштарлығын көремін де, өз еңбегіме деген ризашылығымды іштей сезінемін. Шынында да, оқушыларымды үйрете жүріп, өзім де үйренемін. Қиындық сәттер туындай қалса, тәжірибелі ұстаздармен кездесіп, ақыл – кеңес сұраймын.
Жыл сайын білім саласы да әлемде әйгілі болып жатқан білім технологияларына қарай ұмтылып, ұстаздарды осы жаңашылдыққа бейімдеп оқытуда. Ол тек дайын технологияны оқып келіп, мектепте сабақ беру емес, сонымен қатар өз жаныңнан жаңадан бір үдерістерге бейімделіп, сол бағытта жұмыс істеу болып саналады. Ұстаз болғандықтан мен де осындай жаңашылдыққа жақын жанмын. Өзімнің сабақтарымды жаңа технологияларды, әдіс – тәсілдерді қолдана отырып өткізуге тырысамын, өйткені қазіргі жас ұрпақтың да, ата – ананың да, сонымен қатар қазіргі заманның да талабы сол болып отыр. Осы жерде өз қызметімнен мысал алатын болсам, мектеп оқушыларының барлығы бірдей математика пәнін түсіне бермейді. Сондықтан бұл жерде мұғалімнің шеберлігі қажет. Сабақ үстінде тек қана есеп шығарып емес, сонымен қатар оқушыларды қызықтыратындай, оқушының құлшынысы одан әрі оянатындай заман талабына сай жаңартылған түрде, ойландыратын логикалық тапсырмалар, қызықты есептер шығарып өткізген жөн.
Негізінде неге мен математика пәнін таңдадым? – деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл пәнді таңдауыма .әрине, себепші болған менің математика пәні ұстазым, ең сүйікті ұстаздарымның бірі – Казизова Шәку Ермекқызы. Сондай - ақкөп жылдар бойы осы мектепте еңбек етіп, зейнетке шыққан әжем, алғашқы ұстазым, бастауыш сынып мұғалімі Күлшакар Кенжетайқызы және сынып жетекшім Алмагүл Байжанқызын атап айтқым келеді. Осы ұстаздардың менің бойыма тәрбие мен білім нәрін ұштастыра беруі менің ұстаздық жолға түсуіме әсер етті. Осы абзал жандардың маған айтқан ақыл – кеңестері үшін алғысым шексіз.
Табиғишығармашылық – әр ұстаздың дара қасиеті. Шығармашыл, рухани бай педагог өзінің педагогтік шеберлігін де ұтымды пайдалана біледі. Олай болса, рухани бай мұғалім қай бағытты да табысты болмақ.
XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше, бізге ой – өрісі жоғары дамыған парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Қазіргі таңда ұстаздар жан – жақты меңгерген білімпаз жандар. Сондықтан құрмет те, міндет те жоғары болмақ. Осындай өлмейтін, өшпейтін мамандық иесі болу мен үшін зор ғанибет. Қазақ баласына, ұлт ұрпағына бойымдағы барымды бере білсем, менің де сол аңсаған арманым. Сөз соныңда айтарым « Алты алаштың басын қосса, төр мұғалімдікі » деген ақын әрі педагог МағжанЖұмабаевтың сөзі әрқашан санамнан кетер емес.
Ұлы данышпан Әл-Фараби: « Ұстаздар құдды жұрт айтатын, тамшысымен тас тесетін су сияқты » - деген. Осы сөзден – ақ ұстаздық міндеттің жүгі ауыр екені айдан анық. Ендеше « Ел келешегі – ұстаз қолында»,- деген лепті тұжырымды баса айта отырып, өнімді шығармашылықты өрістету жолында өркениет шынына ілгері басу мақсатында өскелең ұрпаққа білім беруде бар күш–жігерімді жұмсауға тырысамын.
Қайыргелді Гүлназ Мұратқызы
Ақмола облысы Степногорск қаласы
Бестөбе кентінің №1 орта мектебі
математика пәнінің мұғалімі.